Қазақтың сайын даласы ертеден өнерге бейім, дарынды тұлғаларға бай болған. Қазақ елінің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі, белес-бедері, үні, әуезі, бояуы, екпіні бар. Өнердің ауқымы кең, әрі сан-салалы екендігі де белгілі. Оның ішінде күй орындау, ән айту өнерінің қоғамда алатын орны өте ерекше. Осындай өнерді меңгерген А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың ГӘФ 3 курс студенті Нұрсұлтан Қасым. Бұл дарынды студент мәдени іс-шараларға үнемі қатысып, университетіміздің мақтанышына айналды. Қайда барса да өзімен бірге қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбырасын алып жүреді. Нұрсұлтан өнер жолын он екі жасынан бастап, қала, облыс, республика деңгейінде өткізілген байқаулардың жеңімпазы атанды.
Жақында Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық «Ғасырлар пернесі» атты фестиваль өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты ұлттық өнерді насихаттау болатын. Аталған рухани байлыққа толы іс-шара облысымыздың әр аймағынан келген 10-нан аса оркестр, ансамбілдердің басын қосты. Қатысқандардың ішінен бес үздік орындаушы іріктеліп, «Үздік орындаушы» деген атақ берілді. Нұрсұлтан, Қашаған Күржіманұлының "Тойбастар" жыр-термесін орындап, бағы жанды. Өнерлі жігіттің айтуынша оның қол жеткізген әр жеңісі, дархан қазақ халқының қолдауының арқасында. Нұрсұлтан өнер жолын таңдағандықтан қазақтың өнерін, Қостанай облысының, Ахаң атындағы оқу ордасының мәртебесін республика деңгейіне асқақтату оның ең басты мақсаты екенін айтып, өз ойымен бөлісті. Нұрсұлтанға осы жолдан таймай, алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, өнерін жетілдіріп, жеңістерімен барша қауымды қуанта беруіне тілектеспіз. Бағын жана берсін, Нұрсұлтан!
ҚМУ-дың баспасөз хатшысы: Алла Чечёткина