А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының студенттері облыстық «Қостанай таңы» газетінің директоры және бас редакторы Жанұзақ Аязбековпен кездесті. Кездесуді кафедра оқытушылары ұйымдастырды.
Алғашқы болып сөз кезегін алған университетіміздің оқу және тәрби ісі жөніндегі проректоры Алмасбек Әбсадықов кездесудің журналистер үшін маңыздылығын атап өтті. Кездесудің қонағы Жанұзақ Аязбеков «Қостанай таңы» газетінің тағлымды тарихынан сыр шерте отырып, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин сияқты қазақ баспасөзінің серкелері негізін қалап кеткен қара шаңырақтың бүгінгі тыныс – тіршілігіне тоқталды. Бас редактордың орынбасары Жұматай Кәкімжанов газеттің интернет – нұсқасы туралы толыққанды мәлімет берді. Сайттың күнделікті жаңартылып, аймақ жаңалықтарының, фоторепортаждардың жарияланып отыратынын айтып өтті. Сонымен қатар, сайтта жастарға арналған бет бар. Жастардың шығармашылығын жариялауға мүмкіндік беретін айдарлар көпшіліктің көңілінен шығуда.
Журналистік қызметтің қызығы мен қиындығы туралы сөз еткен жас тілші Жандос Жүсіпбеков болашақ әріптестерін шығармашылықпен белсенді айналысуға шақырды. Кездесу соңында Жанұзақ Аязбекұлы кафедара ұжымы мен студенттерге сәттілік тілеп, «Ағайынның арасы» атты туындысын сыйға тартты. Кафедра ұжымы да сыйға сый көрсетіп,редакция ұжымына оқу орнымыздың 75 – жылдық мерейтойына арнап шығарылған ғылыми жинақты табыс етті. Берері мол бастаманың жыл сайынғы дәстүрге айналуына тілек білідіріп, сенім артқан студенттер мен оқытушылар, редакция ұжымы жақсы көңіл – күймен тарасты.