Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Студенттер ҚМУ-дың әскери кафедрасымен танысты

Университетімізде әскери кафедраның оқу үрдісі мәселелері бойынша кездесу өткізілді. Жиынға ҚМУ ректоры Х.Х. Валиев, ректордың кеңесшісі М.Ю. Дәуенов, әскери кафедраның бастығы, полковник Б.Б. Токин, университет басшылары, студенттер қатысты. Х.Валиев іріктеуден өткен 149 студентті құттықтап, оқуда табыс тіледі.  Әскери кафедрада білім алатын студенттер бірінші күннен бастап тәртіпті сақтап, сабақтан қалмау керектігін ескертті. Іріктеуден өткен  12 студент-қыздарға ер азаматтардан қалмай әскери оқуды абыроймен оқуға кеңес берді.

Ректордың кеңесшісі, генерал-майор М.Дәуенов өз баяндамасында: «Қымбатты студенттер! Сендер Отанымызды қорғайтын ҚР болашақ офицерсіндер! Естеріңде болсын, қазақтың тәуелсіздігін сақтап қалған, орны бөлек бабаларымыздың ұрпағы да сендер! Сондықтан осы күннен бастап әскери кафедрадағы командирлердің айтқан сөздерін бұлжытпай орындап, қатаң тәртіпті сақтауға тиістісіңдер. Енді сендер қатардағы студент емес, әскери кафедраның студенттерісіңдер! Ата-аналарыңның, университетіміздің, факультеттеріңнің мақтанышысыңдар!» - деді.

Әскери кафедраның бастығы, полковник Б.Б. Токин өткен іріктеу жұмыстардың ерекшеліктері, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің заманауи даму үрдісі туралы біраз ақпаратпен бөлісіп, әскери кафедра оқуы басталғанын айтып өтті. Студенттер сабақтың өту барысы туралы сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

ҚМУ-дың оқу үрдісін жоспарлау және ұйымдастыру басқармасының бастығы Арман Исмаилов, әскери оқу жеңіл емес, оны университеттегі негізгі мамандық бойынша білім алып жатқан оқумен алып жүру керектігін айтты. Сондай-ақ, университетте өткізілетін мәдени, спорттық іс-шараларға қатысу жауапкершілігі қалатынын ескертті.

Кездесу нәтижесінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі әскери кафедрада білім алу туралы және Қазақстан республикасының Қарулы күштерінің қызметі жөнінде студенттерге толық ақпарат берілді. Кафедраның бастығы Б.Токин  ҚМУ ректоры Х.Х. Валиевке ашылған әскер кафедра үшін шексіз алғысын білдірді.

 

ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина


PDF