13-14 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жоғары оқу орындары арасындағы ХХІІ-ші «Студенттік көктем – 2016» фестивалі өтті. Фестивальға Қостанай облысының 8 жоғары оқу орнының 500-ден астам қатысушылары ат салысты. Оқу орындарының студенттері сөз шеберлігінен сайысты, ғылыми конференцияда бақталасты, сондай-ақ «Мәдени мұра» шығармашылық конкурсында өздерін көрсетті. Түрлі спорттық сайыстар да өтті.
Фестивальдан ҚМУ студенттері көптеген номинациялар бойынша жүлделі оралды. Әсіресе, сөз шеберлігінен біздің студенттер ешкімге дес берген жоқ. Қазақ лигасы бойынша пікірталаста 1-ші және 3-ші жүлделі орындарды журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының студенттері иемденді. Орыс лигасының командасы да оқ бойы озық шығып, жеңіске жетті. Олар жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Екі лига бойынша да «Үздік спикер» номинациясы біздің студенттерге бұйырды. Олар: Сүлеймен Жұман және Асқар Сегізбаев.
«Мәдени мұра» шығармашылық конкурсында ҚМУ студенттерінің өнері жоғары бағаланды. Олар 2-ші орынға ие болды. Ал «Үздік би» номинацияын «Бадрисафа» би ансамблі жеңіп алды.
Университетіміздің жоғарғы студенттік кеңесінің төрағасы – Дарья Шилова қала және университет өміріндегі белсенділігі үшін облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталды.
Студенттік көктем фестивалінің аясында өткен спорттық ойындарда да ҚМУ студенттері өздерін көрсете білді. Әскерилендірілген эсафетада оқу орнымыздың командасы 3-орынға ие болды. Ал шағын футболда 2-орынды қанжығасына байлады.
Фестивальдің жабылу салтанатында ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы М.Дулатов атындағы Қостанай инжеренлік-экономикалық университетінің ректорына «Студенттік көктем» фестивалінің символдық кілтін табыс етті.