Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде Сеул ұлттық университетінің машина жасау кафедрасының меңгерушісі Kyongsu Yi профессорымен кездесу өтті. Кездесу барысында профессор өзінің университеті, басшылық жасайтын зертханалары туралы айтып таныстырды. Ол интеграцияланған және автомобильдерді интеллектуалды басқару жүйелер саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Kyongsu Yi өз баяндамасында өзекті мәселе болып табылатын пилотсыз автомобиль құру тақырыбын қозғады. Бүгінгі таңда көптеген автоөндірушілер және басқа компаниялар автомобильді автоматты түрде басқару жүйесін құрумен белсенді жұмыс жасап келеді.
Ол мәселені екі бағыт бойынша қарастыруды ұсынды:
- автомобильді кешенді автоматтандыру;
- көлік құралының жекелеген қозғалыстарын автоматтандыру режимдері (көлік тұрағы, кептелістегі қозғалыс, автомагистраль) бойынша орын ауыстыру.
Профессор, қазіргі уақытта автоматты режимде параллельдік және (немесе) перпендикулярдық көлік тұрақтарын қамтамасыз ететін, әртүрлі автоматты тұрақ жүйелерінің әзірленетіні жайында айтты.
Іс-шара барысында студенттер белсенділік танытып, ағылшын тілінде сұрақтар қойды. Профессор тақырып бойынша толық жауап берді. Кездесу жоғары деңгейде өтті.