Сұлулық тәжі кімге бұйырды?
Сұлулық — адам баласына берілген нығметтердің бірі. Ол тек бетіңіздің тегістігімен, көзіңіздің әдемілігімен, тісіңіздің түзулігімен өлшенбейді. Сұлу адам деп нағыз көркем мінез иесін айтады. Әдемі болып көріну — өнер. Оған дүйім жұрт 30-наурыз күні тағы бір көз жеткізді. Қостанай мемлекеттік университетінде жылдағы дәстүрмен "ҚМУ аруы-2016» байқауы өтті. Байқауға қатысуға білім ордасының әртүрлі факультеттерінен барлығы он бойжеткен өтініш берген. Алайда, Дарья Шилова есімді ару аяғын жарақаттап алғанына байланысты байқауға қатыса алмады. Дарья әділ қазылардың шешімімен «Талпынысы жоғары ару» атағымен марапатталды.
Қыздар сайысты әдеттегідей әдемі дефилемен бастады. Одан кейін бейнеролик арқылы өздерін таныстырып, қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Шығармашылық кезеңінде аруларымыз ән айтып, би билеп, тіпті актерлық қабілеттерін де көрсетті. Бәрі де керемет кешкі көйлектерімен есте қалды.
«Вице-Мисс» атағын Әсел Молдашева еншіледі. Ал, «ҚМУ аруы-2016» мәртебесі инженерлі-техникалық факультет студенті Диана Қаскееваға берілді.
Сайысқа қатысқандардың ешқайсысы да марапатсыз қалмады, әртүрлі номинацияларға ие болды.
Арайлым ҚАБИМОЛДАҚЫЗЫ,
ҚМУ журналистика факультетінің 2-курс студенті.