А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да студенттер аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаровпен жүздесті.
Студенттер, оқытушылар, жас спортшылар ұлт жанашыры Ардақ Құттықожаұлымен жолығуға мол жиналды. Келген мейманды біразы түрегеп тыңдады. Әлем мойындаған чемпион осы спорт түріне қалай келді, қандай қиындықтардан өтті, жастар тәрбиесі, ер жігіттерге қандай қасиеттер тән болу керектігін айта отырып жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды. Атақты спортшы жастармен кездесіп, отбасы құндылығы және бірлік, ынтымақ тақырыбында ой бөлісті. Кіші буын өкілдерін жігерлендіретін, намысын қайрайтын сөздер айтып, оларды ұлтжандылыққа, Отансүйгіштікке шақырды. Еркін форматтағы жүздесуге 300-ден астам студент қатысты.
Шараның басты мақсаты – елге танымал тұлғалардың өнегелі өмірі мен ерен еңбектерін жастарды хабардар ету, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді қалыптастыру.
Он төрт жасынан бастап еңбек етіп, өз киімі мен ішер асты адал жолмен тапқан Ардақ Назаров бүгінде ел таныған, әлем мойындаған спортшы. Ол жетістікке жеңіл жолды жүріп өтіп келмеді, керісінше қиындыққа қарсы тұрып, отбасының тірегі боламын деген асқақ арманмен адаспай келді.
Жастар Ардақ Назаровтың ғибратты әңгімелерін, құнды кеңестерін тыңдауға құмартты. Өз сауалдарын қойды. Ардақ Құттықожаұлы ел тарихы мен адамгершілік жайында ойларымен бөлісті. Кез келген жанға ата-анадан артық адам жоқ екенін айтты.
– Біз ата-анамызға жақсылық жасағымыз келеді. Қомақты қаржы жинап, қымбат сыйлық алуға ұмтыламыз. Әрине, ата-ананың бағалы сыйлыққа лайық екені белгілі. Десе де, мүмкіндік болмаса, жай ғана шынайы күлімдеп қарау, жеткен жетістіктерің де зор қуаныш сыйлайды. Ал олардың айтқанын тыңдамай, елеп-ескермеу – үлкен айып, – деді спортшы.
Өнегелі лекция түрінде өткен тәрбиелік мәні зор кездесуде Ардақ Назаров өзінің бүгінгі жетістіктерге жетудегі иман, білім, тәрбиенің үлкен роль ойнағанын, талапшылдық пен күшті ерік-жігердің арқасында алынбас қамалдарды бағындыруға болатынын айтып өтті.
Биіктерді бағындыруда өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен чемпион имандылыққа негізделген әсерлі әңгіесімен студенттерді жігерлендіріп, ата-баба дәстүрін сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отанды сүю, ата-ананы қадыр тұту, досқа адал болу, ұстазды құрметтеу турасында насихат пен нақылға толы сүбелі сөздерін ортаға салды.
Кездесуге келгендердің әр сөзді көкейге түйгендері байқалды. Расымен де, мейманның ел тарихын жақсы білуі, қазіргі ұрпаққа жетіспеген қасиеттерді атап өткені ұл-қыздарға, аға буынға ой салды. Жастармен жолыққанына жекпе-жек шебері де дән риза.
Шара соңында келгендер мейманмен суретке түсті. Әрине, бірқатары Ардақ Назаров келді дегенді естіп, білім ордасына арнайы аяқ басты.