Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Жаңалықтар

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасында облыстық арнайы орта оқу орындарының студенттері арасында  спорттық бағдарламалау бойынша олимпиада өткізілді. Олимпиада өткізудегі негізгі мақсат  –   дарынды жастарды анықтау,  оқушыларды біздің ЖОО-мен таныстыру. Колледж студенттері  олимпиадаға зор ынтамен қатысты. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Тулегенов Тасболат (Қостанай политехникалық колледжі, жетекшісі Аскарова М.Б.) – бірінші орынды, Астапенко Артем (Қостанай құрылыс колледжі, жетекшісі Мамедова М.И.) – екінші орынды, ал Саркисян Кристина (М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ-нің техникалық-экономикалық колледжі) үшінші орынды жеңіп алды. Іс-шараның соңында жеңімпаздар және барлық қатысушылар дипломдармен сертификаттармен марапатталды. Сондай-ақ бағалы сыйлықтарға ие болды. 
17-мамыр күні ҚМУ-да «Ахмет ұрпақтары» зияткерлік пікірсайыс клубы мауысымының жабылу салтанаты өтті. Жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған пікірсайысшылар «Жыл дебюті» – Жұмакенов Н., Жусупов Т., «Жыл командасы» – «Visca el Barca» (Жұман С., Жұмакенов Н.),  «Пренебречь. Вальсируем» (Камза А., Печников С.), «Жыл төрешісі» – Бақытжанова А., Шаки К., «Жыл спикері» – Зейнолла О., Кабдрахманов Н., «Жыл аға буыны» – Жамантаева Л., Маманов Ж., «Еңбегі сіңген тұлға» – Кәкімбек И., Карамурзин Р., «Жыл талпынысы» – Хайрулла А., Букабаев А. номинацияларында марапатқа ие болды. Ерекше көзге түсіп, «АҰ» дамуына үлес қосқан түлектер де дипломдармен марапатталды. Клуб  президенті, ИТФ 4 курс студенті Қарамурзин Рауан өз міндетін жаңадан сайланған президент, ГƏФ 3 курс студенті Қуаныш Ақеркеге салтанатты түрде табыстады. Жемісі мол, жеңіске толы жылды атқарған пікірсайысшыларға:  қанаттарыңыз талмай, осы қарқынмен биік асуларды бағындыра беріңіздер! Демалысты жақсы өткізіп, жаңа күшпен 2016-2017 маусымында бұдан да мықты нəтижелерге жетулеріңізге тілектеспіз!
Ақпараттық-танымдық дәріс өткізу және ұлттық-патриоттық тәрбие жұмысын жетілдіру мақсатында  ГӘФ-тің «Журналистика», «Филология» мамандықтарының және АТФ пен ВжМшТФ студенттері үшін Ы.Алтынсарин кесенесіне экскурсия ұйымдастырылды. Бұл іс-шара «Журналистика» мамандығының қазақ бөлімі студенттерінің бастамасымен өткізілді. «Ұлы ұстазға тағзым» атты экскурсия барысында ұстаз-ағартушы, ғалым-этнограф, ақын, жазушы, публицист, қоғам қайраткері Ы.Алтынсарин және оның жерленген жерінде тұрғызылған кесене туралы мәлімет берілді, студент-жастар Ұлы ағартушының  өлеңдерін жатқа айтты. Мавзолейге келген жас ұрпақ қолдарына тырма, күрек, сыпырғыш ұстап, кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Еліміздің тарихы мен мәдениетін білуге құштар, бабалардан қалған мұраны қастерлеуге, сақтауға ниет білдіруші жастардың бастамасы – басқаларға үлгі боларлықтай игі іс!
13-14 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында  жоғары оқу орындары арасындағы  ХХІІ-ші «Студенттік көктем – 2016»  фестивалі өтті. Фестивальға  Қостанай облысының 8 жоғары оқу  орнының 500-ден астам қатысушылары ат салысты. Оқу орындарының студенттері сөз шеберлігінен сайысты, ғылыми конференцияда бақталасты, сондай-ақ «Мәдени мұра» шығармашылық конкурсында өздерін көрсетті.  Түрлі спорттық сайыстар да өтті. Фестивальдан  ҚМУ студенттері көптеген номинациялар бойынша жүлделі оралды. Әсіресе, сөз шеберлігінен біздің студенттер ешкімге дес берген жоқ. Қазақ лигасы бойынша пікірталаста 1-ші және 3-ші  жүлделі орындарды журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының студенттері иемденді.  Орыс лигасының командасы  да оқ бойы озық шығып, жеңіске жетті. Олар жүлделі 1-орынды   жеңіп алды. Екі лига бойынша да «Үздік спикер» номинациясы біздің студенттерге бұйырды. Олар: Сүлеймен Жұман және  Асқар Сегізбаев. «Мәдени мұра» шығармашылық конкурсында ҚМУ студенттерінің өнері жоғары бағаланды. Олар  2-ші орынға ие болды. Ал «Үздік би» номинацияын   «Бадрисафа»  би ансамблі жеңіп алды. Университетіміздің жоғарғы студенттік кеңесінің төрағасы – Дарья Шилова қала және университет өміріндегі белсенділігі үшін облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталды.   Студенттік көктем фестивалінің аясында өткен спорттық ойындарда да ҚМУ студенттері өздерін көрсете білді. Әскерилендірілген эсафетада оқу орнымыздың командасы 3-орынға ие болды. Ал шағын футболда  2-орынды қанжығасына байлады. Фестивальдің жабылу салтанатында ҚР ІІМ  Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы М.Дулатов атындағы Қостанай инжеренлік-экономикалық университетінің ректорына  «Студенттік көктем» фестивалінің символдық кілтін табыс етті. 
Бүгін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ҚМУ студенттерімен кездесті. Кездесуде жоғарғы оқу орындары студенттерінің мемлекеттік қызметке орналасуы үшін қандай ақпаратпен таныс болулары керек және оларға қандай талап қойылатыны туралы сөз болды. Департамент басшысы – Берген Беспалиновтың айтуы бойынша мемлекеттік қызметке жоғарғы білімі бар Қазақстан Республикасының әр азаматы орналаса алады, университетті енді бітірген түлек те.  Мемлекеттік қызметке орналасам деушілер бірнеше кезеңдерден өтуі керек:  ҚР заңдарын білетіндігін дәлелдейтін сертификат алу үшін тест тапсыру, керекті құжаттарды даярлау және сұхбаттасуға бару.    
Тарих және құқық факультетінің азаматтық және қылмыстық құқық пен іс жүргізу кафедрасы   «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді. Қоғамдық бірлестіктер мен тұтынушылар арасындағы  өзара қатынас  жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы – Дәулет Қабылбеков аталмыш тақырыпта баяндама оқыды. Ол тұтынушыларға қатысты заң бұзушылық болған жағдайда қандай шаралар қолдану керектігін және қайда хабарласуға болатынын  айтты. Студенттер үшін бұл тақырып қызықты болды. Олар күнделікті өмірде кездесіп жүрген бірқатар мәселелер жөнінде мамандармен ой бөлісті.