29-мамырда Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының концерт залында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметтің шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған кеш өтті. Кеште ақынның жаңа кітаптарының («Сөз», «Дәстүр», «Голос степи», «Каскалар мен маскалар», «Нар қазақ – намысы бар қазақ») тұсаукесері болды. Филармония фойесінде кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ілияс Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының актерлары жазушының «Өкініш», «Ыбырайдың өсиеті» спектакльдерінен үзінділер көрсетті. Ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.
Ақын ағамызды оқырмандары мен қаламгер достары, жергілікті билік өкілдері құттықтай келіпті. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғарин мен жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік шығармашылық кештің құрметті қонақтары болды. Ал облыс әкімінің атынан әкімнің орынбасары Марат Жүндібаев құттықтау сөз сөйлеп, арнайы сыйлықты табыс етті. Ақылбек Қожаұлының туған жері, Жітіқара ауданының әкімі Абай Ыбыраев та құр қол келмеді. «Жітіқара ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады. Сонымен қатар Ақылбек Шаяхметті ҚР-ның халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев, ғалым, жазушы Қойшығара Салғарин, жазушы-журналист Өтеген Әбдіраман құттықтап, замандас достарына арналған өлеңдерін оқыды. Кеш иесі де өнер сүйер қауымды құр жібермей, жырымен сусындатты.