А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің мәжіліс залында А.Байтұрсыновтың 150 жылдығы қарсаңында және Байтұрсын Ілиястың 80 жылдығына арналған «Ахметін іздеген Байтұрсын Ілияс» атты еске алу кеші өтті
Көрнекті журналист, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Байтұрсын Ілиясты еске алуға замандастары, туған-туыстары, шәкірттері, оқу орын басшылығы және БАҚ өкілдері қатынасты.
Байтұрсын Ілияс республикалық «Егемен Қазқстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болып 33 жыл қызмет еткен болатын. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, Байтұрсын аға алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы шабыттана жазды, зерттеді. 1996 жылғы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры марқұм Зұлқарнай Алдамжардың қолдауымен «Ақжол» тарихи-танымдық экспедициясын басқарды. Сол сапардан кейін Ахметтің туған жері, айналасы, түп-тамыры туралы «Алтын бесік» атты кітап жазып шықты. Бұл ахметтану ғылымына үлкен үлес болып қосылды.
Шараның жүргізушісі Амангелді Мейрамұлы, Байтұрсын Ілиястың өмір жолына тоқталды және жиылғандарға журналист жайлы студенттер дайындаған шағын бейнеролик көрсетілді.
– Байтұрсын Ілиясты бала кезімнен білемін… Ол кісі шынында да, жазушылық қа, журналистікке арнайы туған адамдай еді. Бәкеңнен үйренетін дүние көп болатын. Білімі өте жоғары еді, оған себеп қасында жүрген Әбіш Кекілбаевтың, Рымғали Нұрғалидың септігі болдығой деп ойлаймын, – деді көзін көрген қаламгер Серікбай Оспанов.
Ахан атыдағы оқу орнынан жарық көретін «Жас өркен Қостанай» журналының алғашқы шығарушысы, құрылтайшысы Байтұрсын Ілияс болатын. Бұл жайлы Қазақстанның құрметті журналисті Серік Шайман әңгімелеп берді.
– 2002 жылы осы университетте журнал шығарсақ деген пікір болды. Мен ол кезде өзге газетте қызмет ететін едім. Бәкен, сен керексін деп, мені алдыртты. Ол өзі өмір бойына тілші болған адам, Серікбай редактор еді. Мені алдыртқан себебі журналдың ішкі құрылымының шаруасына, яғни үйлестіру жұмысына десек болады… Мен келгеннен кейін, қолыма құжат ұстатты да, ал енді астанаға барып тіркетіп, куәлік алып кел деді… бірінші шаруа осы болатын. Онда барсам, астанадағылар, біз тіркей алмаймыз, себебі «Жас өркен» деген журнал бар деді… Іле, Байтұрсынға хабарласып, мында тіркемей жатыр деп, мән-жайды түсіндірдім. Ақылдаса отырып, онда «Жас өркен Қостанай» деп қойайық деп шештік. Осылайша тіркетіп, 2002 жылдың 18-қарашасында куәлігін алып келдім. Байтұрсын, осы журналдың алты нөміріне Бас редактор болды, кейін науқастанып қалды. Жетінші нөмірді Серкібай екеуіміз шығарған болатынбыз. Қорыта келгенде, Бәкеннің журналды шығарғандағы негізгі бағыты Алаш арыстарын, олардың шығармаларын насихаттау болатын…Ал, қазір журнал өз бағытынан ауытқып, тек университеттің ішкі өмірін «жырлап» кеткен сияқты, – деді Серік Шайман.
Кеш барысында Байтұрсын Ілиястың адамгершілік, кісіні құрметтеушілік деңгейінің жоғары екендігі үлгі, өнеге ретінде айтылды. Байтұрсын Ілиястың інісі Мейраш Баймырзаұлы ағасы жайлы баяндап берді
– Ағам, күндізгі уақытта шаруашылықтарын орындап, іс-шараларға қатысып жазуды түнге қалдыратын. Көзі көргендер білуі тиіс, көбі айтатын Байтұрсын, сен осы қашан жазып үлгересін, күндіз қашан көрсек тынбай шаруашлықта жүресін деп, ол кісі ақиқатында түнімен шығармашылықпен айналысатын, онысын көрген адаммын… Үйде жазу үстінде отырған уақытта, біз тым-тырыс бола қалатынбыз. Тағы, жақсы қасиеті өте қарапайым болатұғын, жасқа толған мерейтойын туғандар ұсыныс жасап, мейрамханада жасайық деген уақытта да жасатпай қойған. Зор беделге ие болса да, онысын пайдаланып кісінің алдына барып дүние сұраған емес. Ол ақиқат, – деді Мейраш Баймырзаұлы.
Кеш барысында туғандарының қолдауымен жарық көрген «Біз білетін Бәкең» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ол кітапқа Байтұрсын Ілиястың шығармалары, сондай-ақ, көзін көрген замандастарының естеліктері еңген.
Сералы МЫРЗАБАЙ