Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Жаңалықтар

Қазақтың сайын даласы ертеден өнерге бейім, дарынды тұлғаларға бай болған. Қазақ елінің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі, белес-бедері, үні, әуезі, бояуы, екпіні бар. Өнердің ауқымы кең, әрі сан-салалы екендігі де белгілі. Оның ішінде күй орындау, ән айту өнерінің қоғамда алатын орны өте ерекше. Осындай өнерді меңгерген А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың ГӘФ 3 курс студенті Нұрсұлтан Қасым. Бұл дарынды студент мәдени іс-шараларға үнемі қатысып, университетіміздің мақтанышына айналды. Қайда барса да өзімен бірге қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбырасын алып жүреді. Нұрсұлтан өнер жолын он екі жасынан бастап, қала, облыс, республика деңгейінде өткізілген байқаулардың жеңімпазы атанды. Жақында Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық «Ғасырлар пернесі» атты фестиваль өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты ұлттық өнерді насихаттау болатын. Аталған рухани байлыққа толы іс-шара облысымыздың әр аймағынан келген 10-нан аса оркестр, ансамбілдердің басын қосты. Қатысқандардың ішінен бес үздік орындаушы іріктеліп, «Үздік орындаушы» деген атақ берілді. Нұрсұлтан, Қашаған Күржіманұлының "Тойбастар" жыр-термесін орындап, бағы жанды. Өнерлі жігіттің айтуынша оның қол жеткізген әр жеңісі, дархан қазақ халқының қолдауының арқасында. Нұрсұлтан өнер жолын таңдағандықтан қазақтың өнерін, Қостанай облысының, Ахаң атындағы оқу ордасының мәртебесін республика деңгейіне асқақтату оның ең басты мақсаты екенін айтып, өз ойымен бөлісті.  Нұрсұлтанға осы жолдан таймай, алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, өнерін жетілдіріп, жеңістерімен барша қауымды қуанта беруіне тілектеспіз. Бағын жана берсін, Нұрсұлтан!    ҚМУ-дың баспасөз хатшысы: Алла Чечёткина
Өткен аптада А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік факультетінде «Ақпаратқа қол жеткізу» жобасын қолдау аясында Internews Network өкілдігінің ұйымдастыруымен белгілі журналист, «Айтуға оңай» ток-шоуының жүргізушісі Бейсен Құранбектің қатысуымен республикалық вебинар өтті. «Ақпараттық журналистика» тақырыбындағы вебинарға «Журналистика» мамандығының қазақ тобының студенттері қатысты. Тікелей байланыс орнатылған кезде ақпараттық материал тақырыбын анықтау, кейіпкер табу, сұхбат алу сынды өзекті мәселелер қозғалды. Сонымен қатар аудитория мен тренер арасындағы байланысты сақтауға бағытталған арнайы сұрақ қою бөлімі жұмыс жасады. Журналистика мамандығының студенттері Бейсен Құранбекке журналистикаға қатысты көптеген қызықты сұрақтарын қойды. Вебинар барысында белгілі журналист өзінің ақыл-кеңестерімен бөлісті. Яғни журналист мамандығы адамға үйретіп қоятын мамандық емес, ол осы кәсіпті меңгеру үшін үнемі ізденісте жүру маңызына тоқталды. Журналист болатын адам әуел бастан өзінің бағытын және бағдарын таңдап алуы турасында да әңгімелеп кетті. Жалпы вебинар болашақ журналистерге және жас журналистерге тағылымы мол жиын болды.
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың аграрлық-биологиялық факультетінің биология және химия кафедрасының ұйымдастыруымен жас ақын, журналист, республикалық жас ақындар әдеби байқауының жүлдегері, «Шабыт» сыйлығының иегері, «Өр Торғайым» атты экспедицияның жетекшісі Абылай Маудановтың қатысумен «Торғайша сені сүйемін» атты әдеби кеш  өткізілді. Бұл кешке арнайы қонақ ретінде Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филормониясының «Ұлы Дала» квартеті шақырылды. Әдеби кеш  А.Мауданов жайлы бейнефильмнің көрсетілуінен басталды. Кездесу кешінде студенттер ақынның шығармашылығымен  танысып, өлеңдерін оқыды. А.Мауданов жастарды әдеби кітаптарды оқуға шақырды. Соның ішінде М.Шахановтың, Т.Әбдіковтың шығармашылығымен танысуға кеңес берді. Ақын, журналист «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы жайлы да айтып өтті. Кеште ақынның сөзіне жазылған, Қазақстанның танымалы әншісі Төреғали Төрәлі орындайтын «Тотыдайын» әні шырқалды. Аграрлық – биологиялық факультетінің агрономия кафедрасының доценті, профессор Аманжол Зұлқарнайынұлы сөз алып,  А.Маудановты қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі. Кеш биология мамандығының 3 курс студенттерінің орындауындағы  «Туған жер» әнімен аяқталды.
Троицк қаласында өткен халықаралық "Күзгі драйв - 2016" фестиваліне көңілділер мен тапқырлар клубтарының өкілдері түпкір-түпкірден келіп қатысты. Сайыс нәтижесінде А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың КВН "Денди" командасы, сынға түскен 22-кі командалардың ішінен суырылып шығып, 2-ші орынды жеңіп алды.  Университетіміздің студенттерін осы жеңістерімен құттықтап, жаңа жетістіктерге қол жеткізуге тілектеспіз.
2016 жылдың 18 қазанда А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың бас ғимаратында университет жанындағы Этникааралық және конфессияаралық келісім мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Дінаралық татулық - тәуелсіздіктің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараға ғылым және өнер саласындағы зиялы қауым өкілдері, дәстүрлі дін, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, ҚМУ-дың профессорлық-оқытушылар ұжымы, БАҚ, университеттің1 және 2 курс студенттері қатысты. Дөңгелек үстелдің спикерлері ретінде оқу және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор А.А. Әбсадықов, Қостанай облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының бас маманы Н.Әбишев, «Марал Ишан» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Икрамұлы, Қостанай және Рудный епархиясының діни қызметкері протойерей Виталий әке сөз сөйледі. «Журналистика» мамандығының 2 курс студенті Зимина Айсұлу «Конфессияаралық татулық – Қазақстандағы ұлттық келісімнің негізі» тақырыбына, «Биотехнология» мамандығының 4 курс студенті Шилова Дарья «Пути познания духовности» тақырыбына, «Аударма ісі» мамандығының 1 курс студенті Аяпова Асемгуль «Модель межконфессионального согласия в РК» тақырыбына баяндама жасады. Дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық қауымдастықта біздің елімізде тұратын және біртұтас замануи және бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті белсенді құрып жатқан Қазақстан халқын құрайтын барлық ұлт өкілдерінің толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған бірізді саясатымыз қазірдің өзінде кеңінен танылып отырғандығын атап өтті.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының меңгерушісі Б. Қалиев және ЖБДО-ның бас маманы М.Төлеш «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің С.Мәуленов атындағы гимназиясы» ММ-нің 11 сынып оқушыларымен кездесіп, «Менің таңдауым ҚМУ!» атты бейнебаяндар сайысының ережелерімен таныстырып, байқау қарашаның 15-ші жұлдызына дейін жалғасатынын хабарлады. Болат Қалиев шәкірттердің қойған сұрақтарына жауап беріп, ережеге сәйкес келетін, қабылданған барлық бейнебаяндар ҚМУ-дың баспасөз қызметінің Youtube-арнасына жүктелетінін айтып өтті. Бейнебаянның мазмұны : 1. Бейнебаянның міндетті түрде негізгі бастама беті болуы қажет. 2. Бейнебаянның ұзақтығы 3-5 минут. 3. Бейнебаян мазмұнында төменде көрсетілген ақпарат көрсетілу керек: А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-ға түсу себептері; Түлектің таңдап алынған мамандыққа түсу себептері; Бейнебаянда «Менің таңдауым ҚМУ!» сөйлемі  2 реттен аз емес айтылуы тиіс. 4. Бейнебаянның сол жақ төменгі бұрышында А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың ресми логотипі, көлемі айырып танылатын және 50% анық болуы міндет. 5. Бейнебаянның пішімі: Full HD, бейнелену көлемі: ең азы 720 р. болғаны дұрыс. Өтінім үлгісі Байқаудың ережесі