Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Жаңалықтар

А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да «Мәңгілік Ел жастары – Индустрияға» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының грант иегерлері арасында «Serpin Start-Up» интеллектуалдық-инновациялық жобалар байқауы өтті. Байқаудың төрағасы Г. Беркенова қатысушыларға аталған іс-шараның кезеңдері, мақсат-міндеттері жөнінде әңгімелеп, бизнес-жобаларды бағалау критерилері мен баяндамалардың уақыт тәртібі жөнінде ақпарат берді. Сараптамалық комиссияның шешімі бойынша: 1-ші орынды «Ветеринарлық медицина» мамандығының 2-ші курс студенті, «Инсектицидті дәрілік препараттарды жасау» жобасының авторы Тлеміс Мөлдір (ғылыми жетекшісі: М.Ж. Аубакіров) иеленді. 2-ші орынды жеңіп алған «Ветеринарлық медицина» мамандығының 2-ші курс студенті,  «Жануарлар өліктерін техникалық жоюдың қазіргі кездегі әдістері» жобасының авторы Әкім Айдана (ғылыми жетекшісі: Ғ.А.Жабықпаева). Ал, 3-ші орынды «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 2-ші курс студенттері, «Қазақстандық білім беру робототехникасы» жобасының авторлары Садық Ерсаят пен Төребек Гаухар (ғылыми жетекшілері: Ж.З. Cатмаганбетова, А.К. Бермагамбетов) жеңіп алды. Байқаудан өтпей қалған жобалардың жетекшілеріне талдаудан кейін сын-ескертпелер айтылып,  жобаның өтелімділігі мен пайдасының тетіктерін қарастыру, нарықтық талдауды жасау әдістері жөнінде ұсыныстар жасалынды. Қатысушылар айтылған ескертпелерді алдағы уақытта ескеретіндіктерін айтты.   ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина          
1 қараша күні ҚМУ-дың 2 ғимаратының акт залында университетіміздің дарынды, сегіз қырлы, бір сырлы студент жастарымыздың қатысуымен «Өнерлінің өрісі кең!» тақырыбында концерт-сайыс өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты жастардың әлеуетін, шығармашылық қабілеттерін дамытып, өз өнерлерін ортаға салып, жан-жақты көрсету үшін қолайлы жағдай жасау болды. Университетімізде «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан ветеринарлық және мал шаруашылық технологиясы, аграрлық-биологиялық, инженерлік-техникалық және ақпараттық технологиялар факультеттерінің дарынды студенттері өз өнерлерін көрсетті. Сахна төріне алғашқы болып ветеринарлық және мал шаруашылық технологиясы факультетінің мың бұралған бишілері Исламбек Назкен мен Бакытжан Гульфайруз шықты. Олар өз билерімен жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Инженерлік-техникалық факультетінің студенті Муханмедияров Мейірбектің орындауындағы «Қызым-ау, саған айтамын» термесінің мән-мағынасы терең, тәрбиелік маңызы зор туынды болды. Жалпы екі сағатқа созылған концерттік бағдарламада ән де, би де, күй де орындалды. Студенттердің қатысу белсенділіктері өте жоғары болды. Іс-шараның соңында үздік өнер көрсеткен студенттерге естелік сыйлықтар мен марапаттау қағаздары берілді. «Өнер» студиясының жетекшісі Әсия Беркенова жанды дауыспен ән салған, дарынды студенттерді студияға шақырып, шығармашылық қабілеттерін одан әрі жетілдіруге жағдай жасайтындығын айтты.   ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина
Университетімізде әскери кафедраның оқу үрдісі мәселелері бойынша кездесу өткізілді. Жиынға ҚМУ ректоры Х.Х. Валиев, ректордың кеңесшісі М.Ю. Дәуенов, әскери кафедраның бастығы, полковник Б.Б. Токин, университет басшылары, студенттер қатысты. Х.Валиев іріктеуден өткен 149 студентті құттықтап, оқуда табыс тіледі.  Әскери кафедрада білім алатын студенттер бірінші күннен бастап тәртіпті сақтап, сабақтан қалмау керектігін ескертті. Іріктеуден өткен  12 студент-қыздарға ер азаматтардан қалмай әскери оқуды абыроймен оқуға кеңес берді. Ректордың кеңесшісі, генерал-майор М.Дәуенов өз баяндамасында: «Қымбатты студенттер! Сендер Отанымызды қорғайтын ҚР болашақ офицерсіндер! Естеріңде болсын, қазақтың тәуелсіздігін сақтап қалған, орны бөлек бабаларымыздың ұрпағы да сендер! Сондықтан осы күннен бастап әскери кафедрадағы командирлердің айтқан сөздерін бұлжытпай орындап, қатаң тәртіпті сақтауға тиістісіңдер. Енді сендер қатардағы студент емес, әскери кафедраның студенттерісіңдер! Ата-аналарыңның, университетіміздің, факультеттеріңнің мақтанышысыңдар!» - деді. Әскери кафедраның бастығы, полковник Б.Б. Токин өткен іріктеу жұмыстардың ерекшеліктері, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің заманауи даму үрдісі туралы біраз ақпаратпен бөлісіп, әскери кафедра оқуы басталғанын айтып өтті. Студенттер сабақтың өту барысы туралы сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. ҚМУ-дың оқу үрдісін жоспарлау және ұйымдастыру басқармасының бастығы Арман Исмаилов, әскери оқу жеңіл емес, оны университеттегі негізгі мамандық бойынша білім алып жатқан оқумен алып жүру керектігін айтты. Сондай-ақ, университетте өткізілетін мәдени, спорттық іс-шараларға қатысу жауапкершілігі қалатынын ескертті. Кездесу нәтижесінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі әскери кафедрада білім алу туралы және Қазақстан республикасының Қарулы күштерінің қызметі жөнінде студенттерге толық ақпарат берілді. Кафедраның бастығы Б.Токин  ҚМУ ректоры Х.Х. Валиевке ашылған әскер кафедра үшін шексіз алғысын білдірді.   ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина
Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСҚА) 2016 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингін ұсынған болатын. Көрсетілген рейтингте Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті 7 орынды иеленгені баршаға белгілі. Осыған байланысты ҚМУ-ға өткен аптада тиісті сертификаттар табысталған болатын.   Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің (БСҚА) президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Қаланова: «БСҚА Ұлттық рейтингі көпөлшемді рейтинг болып саналады немесе оны «басты рейтинг» деп атайды. Себебі, ол үш құрастырушы: 1, 2 және 3 сауалнамадан тұрады. 1-ші сауалнама, студенттер контингенті мен құрамын, олардың білім нәтижелерін, профессорлық-оқытушылар құрамы қызметінің сапасын, ЖОО-ның ғылыми және инновациялық қызметін, халықаралық ынтымақтастығын қамтитын академиялық статистикалық ин­дикаторлар мен критерийлерді, сонымен бірге, Интернеттегі ақпараттық көрсеткіштерді ұсынады. 2-ші сауалнама ЖОО сарапшыларының алдында ЖОО-ның мәртебесін көрсетсе, 3-ші сауалнама жұмыс берушілер алдында ЖОО-ның мәртебесін көрсетеді» - деген    деректерді келтірді.  БСҚА-ның шешімі нәтижесінде ҚМУ төменде көрсетілген мамандықтар бойынша жетекші орындарға ие болды. 1. Шетел филологиясы – 2-ші орын.  2. Технологиялық машиналар және жабдықтар – 2-ші орын.  3. Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы – 3-ші орын.  4. Математика – 4-ші орын.  5. Журналистика – 4-ші орын.  Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингінде иеленген жетінші орын, университет ұжымы үшін үлкен жетістік. Бұл – білім сапасының жоғары екендігінің сөзсіз айқын дәлелі.
2016 жылдың 29-шы қазанында А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да  «Ньютон – Әль-Фараби» үкіметаралық қазақ-британ бағдарламасы аясында «Зерттеу нәтижелерін жариялау» бойынша тренинг өткізілді. Аталған іс-шараны Ұлыбританиядағы Ливерпуль университетінің докторы Амос Фатокун өткізді. Ол медициналық зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, баспа қызметін, ғылымның қыр-сырын жетік меңгерген маман. Тренинг жұмысына ҚМУ-дан, ҚМПИ-ден және ҚазҒЗИАШМЭ ЖШС-дан 20-дан астам өкіл қатысты. Қатысушылар тапсырмаларды орындап, көптеген сұрақтарға жауап алды. Тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, олар естелік фотосессияға қатысты. Доктор Амос Фатокун университет басшылығына өз алғысын білдіріп, осындай іс-шаралардың халықаралық қатынастар үшін маңызды екендігін айтып өтті.      
31 қазан күні А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың № 4 ғимараттың 207 дәрісханасында «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқитын студенттер арасында КВН-ның финалдық лигасы өтті. Басынан бастап-ақ көріністің өте қызықты болатыны мәлім болды. Үш кафедраның ең үздік топтары қатысты: «Күлкі терапиясы» Ветеринариялық медицина кафедрасы, «Пружина» МӨӨШТ кафедрасы, «Бес саусақ» Ветеринариялық санитария кафедрасы. Ойын дәстүрлі сәлемдесу, музыкалық тапсырма, үй тапсырмасы кезеңдерінен тұрды. Бірінші байқау – сәлемдесуден бастап-ақ қатысушы топтар көрермендердің, жүргізушінің және әділ қазылар алқасының  ықласына бөленіп назарларын жаулап алды. Ойынға қатысқан әр сайыскердің өзіндік ерекшеліктері, актерлік шеберліктері өте жоғары болды.  Ойынның әділ өтуін қадағалаған ИТФ-нің тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары – Кәкі мбек Исламбек, АБФ-нің тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары – Тлеубаева Зарина, ВжәнеМШТ факультетінің кураторлар кеңесінің төрағасы – Күмүсбеков Еламан, агрономия кафедрасының оқытушысы – Культаева Динара сияқты құзыретті де құрметті әділ қазылар алқасы бағалады.  Нәтижесінде үздік ойын шеберлігін көрсетіп 1-ші орынға ие болған Ветеринариялық санитария кафедрасының студенттерінен құралған «Бессаусақ» командасы болса, 2-ші орынды «Пружина», 3-ші орынды «Күлкі терапиясы» командалары қанжығаларына байлады. Ерекше көзге түскен Ветеринария және Мал шаруашылық Технологиясы факультетінің дарынды студенттерін атап өткен жөн: «Үздік әртіс» атағына ие болған – Бақытбек Ақмурзаев, «Ең үздік әртіс» – Асем Жантөре. Жарайсыңдар, көрермендер сіздердің өнерлеріңізге тәнті болды!   ВжМШТ факультетінің тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары  А. Рагатова