Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Жаңалықтар

2017 жылдың 4 маусымында Қостанай облысының әкімі А. Б. Мұхамбетовтың қатысуымен ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына және «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» саябағының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, күш құрылымдарының, қоғамдық құрылымдардың өкілдері, құрметті азаматтар, жастар, қала тұрғындары қатысты.      Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінен кейін мемлекеттік рәміздер мерекесі құрметіне, түрлі салаларда белгілі бір дәрежеге қол жеткізген қостанайлықтарға атаулы сағаттар табыс етті. Олардың қатарында А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғылыми-инновациялық орталығының молекулярлы-генетикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, аграрлық-биологиялық факультетінің биология және химия кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Индира Бейшова да бар.  Жас маманды құттықтай отыра, шығармашылық табыс тілейміз! 
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу залында «Латын әліпбиі: зейін және зерде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Алмас Әбсадықов, Қостанай облысы Тілдерді дамыту басқармасының жоспарлау бөлімінің басшысы Кенжеғали Бимағамбетов, Қостанай облысы  «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының  директоры Гүлнар Талапова, Облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қоғаммен байланыс секторының меңгерушісі Анар Базарбаева, университеттің гуманитарлық-әлеуметтік  факультеті тіл және әдебиет теориясы, практикалық лингвистика кафедраларының оқытушылары мен студенттері, ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушылары, журналистер қатысты. Іс-шарада арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды. «Филология» мамандығының студенттері сұрақтар қойып, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алды. Мамандар кездесу соңында латын әліпбиіне көшудің маңызды үш қағидасын белгілеп айтты. Олар: 1. Латын графикасын  пән ретінде  орта және жоғары оқу орындарында  оқыту; 2. Еліміздің солтүстік өңірлерінде  орыс тілді халықтың шоғырлануына байланысты латын әліпбиіне көшу мәселесін орыс аудиториясына насихаттау; 3. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі тіліміздің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беру қажеттіліктері. Іс-шараға қатысушылардың айтуы бойынша дөңгелек үстелдің жұмысы жоғары деңгейде өтті.
ҚМУ-дың шетел филологиясы кафедрасының оқытушылары Сәуле Жабаева және Юлия Шандецкая Пекин технологиялық институтында DIREKT ERASMUS+ бағдарламасы шеңберінде өткізілген «Ағылшын тілін арнайы мақсатта оқыту» тақырыбында халықаралық семинар-тренингке қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты ақпараттық сауаттылықты дамыту және өмір бойы үздіксіз білім беруді жетілдіру жұмыстарына бағытталған.  Семинар барысында мамандар мәдениетаралық қарым-қатынас, академиялық хат негіздері, зерттеу әдістері мәселелерін қарастырды. Жобаның құрамына кіретін Ирландия, Германия, Словакия, Қытай, Ресей және Қазақстан елдерінің ғалымдары жұмыс тобының отырысында бірінші кезекте серіктес университеттердің кітапхана қызметкерлері үшін ағылшын тілі курсын (А1, А2 деңгейі) дайындау жөнінде шешім қабылдады. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің кітапхана қызметкерлері үшін ағылшын тілі курстарын 72 сағат көлемінде 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап өткізу жоспарлануда.
Ғылыми тағылымдама аясында А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың «Экономика» мамандығының магистранттары Омск Ф.М. Достоевский атындағы мемлекеттік университетінің (Ресей) экономикалық теория және кәсіпкерлік кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық институционалды зерттеулер ассоциациясының басқарма мүшесі, Омск экономикалық мәдениет орталығының негізін қалаушы Евгений Капогузов өткізген «Институционалдық экономика және оның ЭурАзЭҚ-да тәжірибелік қолдануы» атты семинарға қатысты. Мектеп-семинардың өткізілу мақсаты: ұлттық экономикалық жүйені жаңа институционалды экономикалық теорияның көмегімен  институционалдық тұрғыдан талдау қабілеттерін дамыту. Іс-шарада институционалды талдау қабілетінің дамуы, қатысушылардың экономикалық институттардың жұмыс істеу экономикалық негізі мен салдарын түсінуі, экономикалық теорияның қосымшаларын қолдану, сонымен қатар аналитикалық және кәсіби құзыреттің дамуы мәселелері қарастырылды. Семинардың соңында шетел профессоры магистранттар үшін ғылыми кеңес өткізді.
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетінде қазақ бөлімінің 1-ші, 2-ші курс студенттерінің қатысуымен «Синтетикалық есірткілердің жаңа түрлері» тақырыбында ашық сабақ өтті. Қостанай облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкері, полиция майоры Айгүл Ерадилова қозғалған тақырып бойынша баяндама оқыды. Майор өз сөзінде полицияның есірткіге қарсы өткізетін іс-шаралары туралы әңгімеледі. Ал, Қостанай облыстық наркологиялық диспансірінің психологы Гүлсім Бисимбаева есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зиянды әсері туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар, сабақ барысында студенттерге тақырып бойынша бейнеролик көрсетілді. Ашық сабаққа қатысқан оқытушылар мен студенттер, сабақтың өткізілу деңгейін жоғары бағалады.
ҚМУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінде әдістемелік инновациялар айының шеңберінде, бағдарламалық қамтамасыз ету кафедраснының «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенттеріне арналған «Мамандығы бойынша үздік бағдарламашы» байқауы ұйымдастырылып өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты: студенттердің шығармашылық қабілеттері мен қызығушылықтарын жетілдіру және кәсіби даярлау сапасын арттыру. Байқауда студенттер өздерінің дайын жобаларын: сайт-визиткалар, интернет-дүкендер, дерекқорлар, компьютерлік ойындар, ұялы қосымшаларды көрсетті.  Олар жұмыстарын ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде қорғады.    Қазылар алқасының мүшелері студенттердің жоғары дайындығын белгілеп, байқаудың жеңімпаздарын анықтады. Сонымен, бірінші орынды Виктория Иванова жеңіп алды. Жобаның тақырыбы: Development of online mobile phone store-front «Fly» by LTD «ITL-KZ» болды. Екінші орын Николай Мануйловқа берілді. Қорғаған жобасының тақырыбы: А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің мехатроника зертханасы үшін Android платформасында штрих-кодтарды сәйкестендіру арқылы жабдықтарды идентификациялау модулін әзірлеу. Ал, үшінші орынды Кирилл Степанов иеленді. Жобаның тақырыбы: ЖК «A.A. Печенкин» үшін баспа материалдарын сатуға арналған интернет-дүкенін жасау болды. Байқаудың соңында барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.