2019 жылдың 25-27 қаңтар күндері А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетінде дәстүрлі "KGU CUP - XIII" ректор кубогіне арналған Халықаралық пікірсайыс турнирі өткізілді. Негізгі мақсаты: мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2019 жылдың "Жастар жылы" болып бекітілуіне байланысты жастарды қолдау және олардың патриоттық сезімдерін арттыру болды. Турнирге Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Павлодар, Орал, Ақтөбе қалаларынан өтініштер қабылданып, қазақ лигасы бойынша 36 фракция, 72 спикер қатысты. Төрешілер құрамында қалалық , облыстық және республикалық турнир жеңімпаздары болды. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Мемлекеттік университетінің Жастар бастамаларын дамыту орталығының меңгерушісі Орынбай Тахирұлы сөз сөйлеп, киелі білім ордасының тарихына тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, "Жастар жылымен" жалынды жүректерді құттықтады. Турнир қатысушылары облыстық тарихи өлкетану мұражайын аралап, өңіріміздің тарихымен танысты. Пікірсайысшы жастар арнайы топқа бөлініп спорттық сайыста мықтылықтарын дәлелдеді. Халықаралық турнирдің алғашқы күні пікірсайысшылар мен төрешілер брифингімен қорытындыланды. Тартысты өткен республикалық пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша талантымен ерекшеленіп, жоғары нәтиже көрсеткен Ақтөбе және Алматы қаласы пікірсайысшылары «Бізге Құдай ғана төреші» фракциясы – Нұркен Жәкен мен Әбдіғалы Әйкерімге А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Мемлекеттік университеті ректорының арнайы жүлдесі табысталды. Қазақ лигасы бойынша жүлделі ІІІ дәрежелі дипломмен Орал және Астана қаласының пікірсайысшылары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенті Азамат Махамбет пен Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің Арман Нұрлан студенттерінен құралған "Қостанайда таныстық" , Жүлделі ІІ дәрежелі дипломмен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінен құралған «Скаймаг пен Ланая» тобы – Пашен Жанбота мен Рахим Шахзадаев марапатталды. Халықаралық пікір сайыс турнирінің «Үздік спикер» номинациясына Астана қаласы пікірсайысшысы Пашен Жанбота, «Үздік төреші» номинациясына Асан Назира лайық деп танылды.