2022 жылы оқу ордамыз есімін иеленген, қазақтың бір туар ұлы тұлғаларының бірегейі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Айтулы дата ЮНЕСКО шеңберінде атап өтіледі. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті де осы орайда, сондай-ақ Алаш ардақтысы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау үшін «Алаш қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынұлының ізімен» ғылыми-ағартушылық экпедициясын ұйымдастырды. Экспедицияның мақсаты – А.Байтұрсынұлының туған жері Ақкөл, оның оқыған, қызмет еткен Торғай, Орынбор, Әулиекөл, Қарқаралы, Қызылорда, Алматы сынды тарихи мекендерді, қайраткердің түрлі себептермен табаны тиген Мәскеу, Омбы, Ташкент, Шығыс Түркістан, Айдауда болған Архангельск, Томск сияқты жерлерді арнайы аралап, ұлы тұлғаның қайраткерлік, ағартушылық қызметтері туралы мағлұмат жинау, деректі фильм түсіру, оның Алаш жұрты үшін атқарған қызметін насихаттау.
Экспедиция сәуір айының 1-де Орынбор қаласынан бастау алды. Экспедиция құрамында ғылыми экспедиция жетекшісі, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Алмас Әбсадықов, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Серікжан Исмаилов, Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Шөрентаев, «Филология» мамандығының магистранты Нұрсұлтан Қасым бар.