Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қостанай облысының білім және ғылым қызметкерлерінің арасында облыстық спартакиада өткізілді. Жарыс спорттың екі түрінен: кросс және зияткерлік ойындардан болды. Іс-шараның басты мақсаты білім қызметкерлерінің денсаулық жағдайын жақсарту, жеңіл атлетиканы насихаттап, көпшілікті спортпен шұғылдануға шақыру, белсенді демалысты ұйымдастыру, ең мықты командаларды іріктеп, анықтау болды. Жарысқа ЖОО-дың, колледждердің райондардың, Қостанай қаласының білім беру жүйесінің қызметкерлері мен кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Нәтижесінде Ахаң атындағы университеттің профессоры Юрий Бондаренко (дойбы), лаборант-технигі Никита Ткаченко (жеңіл атлетика), полиатлоннан жаттықтырушы Юлия Зеленская (жеңіл атлетика), ДШ және СД кафедрасының оқытушысы Арман Какашев (тоғыз-құмалақ) жүйріктердің ішінен суырылып шығып 1-орынды иеленді . Машина жасау кафедрасының аға оқытушысы Фарид Тулубаев шахмат ойынынан жеңіске жетіп, екінші орынға ие болды. ҚМУ-дың кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрлан Мәмиев командирлік жүгірістен және АТФ лаборанты Самал Маусымбаева тоғыз-құмалақтан 3-орынды қанжығаларына байлады. ЭФ оқытушысы Жұлдыз Төлегенге, МШТ және ВФ кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Шайкамалға, оқытушы Инна Брель-Кисилеваға мадақтау қағаздары берілді. Жалпы есепте ҚМУ-дың құрама командасы бірінші орынды иеленді. Бұл жоғары көрсеткіш университет басшыларының спортқа ерекше мән беріп, еңбек ұжымы дене шынықтырумен шұғылданып, үздіктердің қатарынан көріну үшін, барлық жағдайлардың орындалып отырғандығының айқын белгісі.
Жеңімпаздар облыстық кәсіподақ комитетінің және білім басқармасының атынан алғыс хаттармен, сондай-ақ, бағалы сыйлықтармен марапатталды. ҚМУ-дың спорттық командасы алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетіп, алдыңғы қатарлардан көрінуге белін буып отыр.
ҚМУ-дың баспасөз хатшысы: Алла Чечёткина