Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

«Өнерлінің өрісі кең!» концерт-сайыс өтті

1 қараша күні ҚМУ-дың 2 ғимаратының акт залында университетіміздің дарынды, сегіз қырлы, бір сырлы студент жастарымыздың қатысуымен «Өнерлінің өрісі кең!» тақырыбында концерт-сайыс өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты жастардың әлеуетін, шығармашылық қабілеттерін дамытып, өз өнерлерін ортаға салып, жан-жақты көрсету үшін қолайлы жағдай жасау болды.

Университетімізде «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан ветеринарлық және мал шаруашылық технологиясы, аграрлық-биологиялық, инженерлік-техникалық және ақпараттық технологиялар факультеттерінің дарынды студенттері өз өнерлерін көрсетті.

Сахна төріне алғашқы болып ветеринарлық және мал шаруашылық технологиясы факультетінің мың бұралған бишілері Исламбек Назкен мен Бакытжан Гульфайруз шықты. Олар өз билерімен жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Инженерлік-техникалық факультетінің студенті Муханмедияров Мейірбектің орындауындағы «Қызым-ау, саған айтамын» термесінің мән-мағынасы терең, тәрбиелік маңызы зор туынды болды. Жалпы екі сағатқа созылған концерттік бағдарламада ән де, би де, күй де орындалды. Студенттердің қатысу белсенділіктері өте жоғары болды.

Іс-шараның соңында үздік өнер көрсеткен студенттерге естелік сыйлықтар мен марапаттау қағаздары берілді. «Өнер» студиясының жетекшісі Әсия Беркенова жанды дауыспен ән салған, дарынды студенттерді студияға шақырып, шығармашылық қабілеттерін одан әрі жетілдіруге жағдай жасайтындығын айтты.

 

ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина


PDF