Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

ҚМУ-да жаңа оқу жылы маңызды іс-шаралардан басталды

Қазақ елінің тарихында ешкіммен салыстыруға келмейтін ұлы адам – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 145 жыл толып отыр. Халқының азаттығын, елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі жөнінде жан аямаған Ахмет Байтұрсынұлын студенттер қалай таниды? Осы мақсатта 5 қыркүйек күні тәрбие жұмысы басқармасының ұйымдастыруымен А. Байтұрсынов атындағы қара шаңырақтың ұлағатты ұстаздары бірінші  және екінші курс студенттерімен «Зерде және Зейін» атты дөңгелек үстел өткізді. Басты тақырып А.Байтұрсынұлының өмір жолына шолу жасап, ұлы тұлғаның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырған тілдер күні болды. Спикерлер филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықов, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Серікжан Исмаилов және практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі Гүлжанат Жүрсиналина.

Серікжан Исмайлов «А.Байтұрсынұлы және алаштың азаттық идеясы» атты тақырыпта сөз қозғады. Алаш ардагері жайында бұрын естімеген мәліметтер алған студенттер, латын әліпбиі жайында да мағлұматқа ие болды. Бұл жайында Алмасбек Әбсадықов өз ойын білдірген болатын: «Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914- 1915 жылдан 1927- 1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының “Әліпбиімен” ашып, ана тілін Байтұрсынұлының “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді. Ендеше, латын әліпбиіне көшу мемлекеттік мәселе. Бұның барлығы сіз бен біздің арамызда қозғалуы керек».

«Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Сондықтан, «Біз латынға көшпейміз, ораламыз» - деді Гүлжанат Жүрсіналина өз сөзінде.

Сондай-ақ, бұл бастама қыркүйек айының 3-5 аралығында барлық факультет студенттерімен сабақ барысында өткізілді. Айтылған барлық мәлімет болашақ мамандардың бойына патриоттық сезімді ұялатып, мәңгілік ел болудың мағынасын ұғындырғандай. Бұл да рухани жаңғырудың бір белгісі.


PDF