Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

ҚМУ-да қазақша КВН ойындары өтті

22 қараша күні ҚМУ-дың 2-ші ғимаратында көпшіліктің көңілінен шығып жүрген «Жайдарман» ойынының факультетаралық фестивалі өтті. Ойынға 9 студенттік топ қатысты. Олар: Алғабас (ЭФ), Шапалақ (АБФ), Әділет (ЗФ), Жатақхана жұлдыздары (Жатақхана №1), Элигант (ИТФ), ВЕТФАК құрамасы (ВжМШӨӨТФ), Әдемі (ГӘФ), КГУ МЭН (Жатақхана №2), Ізбасарлар (АТФ) командалары.

«Жайдарманға» жиналғандардың барлығы жоғары дайындықпен келген. Олар күнделікті өмірдегі оқиғаларды әзілге қосып, көрерменге күлкі сыйлады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, лайықты деңгейде өнер көрсетті.

«КВН ойындары – бұл жастар үшін тапқырлықты шыңдап, әртістік қабілетті көрсетуге үлкен мүмкіндік», - деді ҚМУ жайдарман қауымдастығының төрағасы Ақбидаев Айдар Қайратұлы.

Қазылар алқасының шешімі бойынша жартылай финалға КГУ МЭН, Әдемі, Жатақхана жұлдыздары, Әділет, Ізбасарлар, ВЕТФАК құрамасы, Алғабас командалары өтті. Ойынның үздігі деп танылған КГУ МЭН командасына  салтанатты түрде Кубок тапсырылды.  Тағы бір айта кетерлігі, көрермендердің көңілінен шығып, сүйікті ойыншыларына айналған «Ең үздік актриса» атағы гуманитарлық-әлеуметтік факультетінің студенті Ахан Меруертке берілсе, «Ең үздік актер» атағы аграрлық-биологиялық факультетінің студенті Бейсенбек Мейрамбек жайдарманшыға берілді. Ал, Рахым Жазира «Ең үздік музыка әрлеуші» деген атаққа ие болды.

Қатысушылар сайыстың жоғары деңгейде өткізілуіне себепкер болған Жастар бастамасын дамыту орталығының меңгерушісі Болат Назымұлы Қалиевке шексіз алғыстарын білдірді.

ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина


PDF