2017 жылдың сәуірдің 3-де бас ғимараттың мәжіліс-залында «Менің таңдауым ҚМУ» видеороликтер байқауының қорытынды кезеңі өтті. Бас жүлде ҚМУ-дың таңдаған мамандығына оқуға түсіп, тегін білім алу сертификатының иегері атану болды. Байқауға Қостанай қаласының және Қостанай облысының орта білімді 11 сынып оқушылары мен колледж шәкірттері қатысты. Соңғы кезеңге 7 ең үздік видеоролик өтті. Қатысушылар баға беруші әділқазылар алқасына өздері дайындаған бейнероликтерін ұсынып, қорғады. Бейнебаянда олар өздері туралы айтып, Ахаң атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне оқуға неге түскілері келетінін айтып жеткізуге тырысты.
Барлық жұмыстар қаралған соң, әділқазылар алқасының шешімі бойынша Мәлика Махмұтова мен Айзада Өміртаеваның бейнероликтері «үздік» деп танылды. Енді жеңіске жеткен оқушылардың басты міндеті – ұлттық бірыңғай тестілеуден бекітілген жоо-ға түсу ұпайын жинау. Сонда ғана грант сертификаты беріледі. Іс-шараның соңында «Менің таңдауым ҚМУ» видеороликтер байқауының ақтық кезеңіне өткен барлық қатысушыларға дипломдар тапсырылды.