EXPO-2017 – елімізде өткізілетін маңызды іс-шара. Бұл көрменің маңыздылығы туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында айтылуда. Дүниежүзілік көрме – Қазақстанның елеулі жобаларының бірі.
Халықаралық көрмені тамашалаймын деушілерге билеттер қазірден бастап сатылуда. EXPO-2017 көрмесіне волонтер ретінде де баруға болады. Осындай мүмкіндікке ақпараттық технологиялар факультетінің «Математика» мамандығының 2-курс студенті Умиртаева Динара ие болды.
Қостанай облысының атынан баратын 100 волонтердің құрамына кіру үшін студенттер біраз тер төкті. Біріншіден, олар сауалнаманы толтырып, сұхбаттасудан өтті. Сұхбаттың негізгі сұрағы – «Неліктен мен EXPO-2017 көрмесіне қатысқым келеді?» болды. Сұхбаттасудың нәтижесінде 120 волонтер таңдап алынды. Бірақ нағыз волонтер атану үшін бұл жеткіліксіз болды. Екі ай бойы студенттер іс-шараларға қатысып, өздерін жан-жақты көрсетті. Ең бірінші міндет – дайындық курстарын қалдырмау. Сонымен қоса студенттер «Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері» тақырыбында түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, жастар форумына белсенді ат салысу, ағылшын тілінде ән айту, видео түсіру сияқты тапсырмаларды орындады. Осы және тағы да басқа сынақтардан өте білген студенттер ғана «Астана EXPO-2017» ұлттық комитетінің атынан берілген сертификатқа ие болды. Осы үлкен мәртебеге ие болған Динараға үлкен жетістіктер мен биік белестерден аса беруін тілейміз.