Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ибраев Ерден Ерназарұлы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Оңтүстік Азия тарихы кафедрасында ғылыми және оқу тағылымдамасынан өтті. Тағылымдама аталмыш кафедра меңгерушісі Александра Сафронованың шақыртуының негізінде жүзеге асты.
Ерден Ибраев Мәскеуде Азия және Африка елдерінің жаңа тарихына байланысты пәндер бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтарға қатысты, ММУ-гі оқытудың жаңа түрлерімен және инновациялық технологиялармен танысты. Сонымен қатар, «Ломоносов оқулары - 2019» халықаралық ғылыми конференциясына атсалысты.
Тағылымдаманың соңында Е. Ибраев Азия және Африка елдері институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы И.Абылгазиевпен М.В. Ломоносов атындағы ММУ және А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ арасындағы ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шартқа қол қойды.
Сондай-ақ, Мәскеу мемлекеттік университетінің Оңтүстік-Азия тарихы кафедрасымен ынтымақтастық туралы келісім-шартты жүзеге асыру жоспары жасалды.