2019 жылдың 28 наурызында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Журналистика» мамандығын оқытуды жетілдіру мәселесі талқыланды. Кездесуге өңірлік БАҚ өкілдерінің басшылары мен университет ректоры, факультет деканы және кафедра оқытушылары, студенттер қатысты.
Университет ректоры, профессор Алма Іргебайқызы қазіргі ақпараттық заманда сапалы журналист маман дайындау өте өзекті мәселе екенін айтып кетті. Сонымен қатар, университет басшысы өзінің алғы сөзінде ЖОО-ның академиялық еркіндігі жайлы және жаңа жағдайдағы журналистік білім берудің ерекшеліктеріне тоқталды.
Өңірлік БАҚ басшылары және баспасөз қызметкерлері 2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген «Журналистика» мамандығының білім беру бағдарламасының республикалық рейтингімен танысты.
Әрі қарай «Журналистика» мамандығының білім беру бағдарламасының дамуы жайлы пікірталас өрбіді. Медиабизнес саласының және еңбек нарығының ерекшеліктері ескеріле отырып, мамандықтың оқу бағдарламасына жаңа пәндерді енгізу мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері мен оқытушылар білім алушылардың кәсіптік өндірістік тәжірибесі жайлы да бірнеше мәселелерді көтерді.
Жұмыс берушілер өз тараптарынан студенттердің білімін тәжірибелік тұрғыдан жетілдіре түсетін бірнеше ұсыныстар ұыснды. Кафедра тарапынан жоғарыда айтылған ұсыныстар мамандықтың және пәндердің жаңа оқу-әдістемелік кешендерін дайындау барысында ескерілетін болады.
Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы.
.