А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде қарашаның 25 күні «25 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында Донор күні өтті. Іс-шараға университет басшылығы, студенттер белсене ат салысты.
Акция барысында жоғары білікті мамандар келушінің қан тобын анықтап, оны түрлі қоздырғыштардан тазалығын тексерді. Донорларға жалақыны сақтау шартымен жұмыстан екі күнге босату туралы анықтама ұсынылды. Дәрігерлер кез-келген 18 жастан асқан, әрі салмағы 50 келіден жоғары болатын дені сау азамат қан тапсыра алатыны туралы ақпарат берді.
«Қан тапсырам дегендер көп болды. Біздің университетіміздің қызметкерлері мен студенттері бұл іс-шараны толығымен қолдады. Басшылық атынан оларға шексіз алғысымызды білдіреміз! Қуантарлығы акцияға 200-ден астам адам қатысты» - дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Бекентайұлы Мәмиев.
Қан тапсырғаннан кейін, іс-шараға қатысушылар сабақтарынан босатылып, тиісті демалыстарына жіберілді.
ҚМУ-дың баспасөз хатшысы Алла Чечёткина