Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
өнірлік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Дөңгелек үстел «А.Байтұрсынов және қазақ қоғамы»

Университетімізде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 140 жыл мерейтойына  арналған ғылыми конференция, семинарлар, дөңгелек үстел жиындары өтті. Университетімізде осы мереке аясында тағы басқа әр түрлі кеңейтілген іс-шаралар бір мезгілде қамтылды.

 

Оған университет ұжымы бір кісідей ат салысты. Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Қалқаман Жақыптың  жетекшілігімен өткен «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғам» атты дөңгелек үстел жиыны сол шаралардың елеулісі деуге болады. Оған біздің жерлес ақынымыз ф.ғ.к. профессор Ақылбек Шаяхмет, журналистика факультетінің магистранты Нәзира Жәрімбетова, философия кафедрасының магистранты Оралбай Қабыл, Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Ералина, практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к. аға оқытушы Гүлжанат Жүрсіналина, облыстық Л.Толстой атындағы кітапхана қызметкері Әлия Болатова қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының көп айтыла бермейтін еңбектерінен түйгендерін айтып, өз пікірлерін ортаға салды. Ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, еңбектері жайлы интерактивті тақтадан слайдтар көрсетілді.

 

Ұлт жұмысын арымен атқарған, қарақан басының қамы емес халық қамын жеген Ахмет Байтұрсынұлының педагогтік, ақындық, жазушылық, ағартушылық, философтық, саяси қайраткерлік, реформатор-ғалымдық  және тағы басқа зерттеліп,айтылып жүргенінің сыртында  демограф,математик,әдіскер, исламист, сыншыл, көріпкел, заңгерлік тағы басқа қырлары туралы ойлар ортаға салынды.Күн сайын өркендеп келе жатқан заманда халық пен ел қуаты-білім мен ғылым көзінде екенін түсінетін студенттер мен магистранттар үшін бұл мәлімдемелер өте құнды дерек көздері десек қателеспейміз.

 

Ахмет Байтұрсынов қазақ қоғамының қозғаушы күштері деп мыналарды есептеді:


  • табиғи орта;
  • тұрғындардың тығыз орналасуы;
  • техникалық прогресс;
  • басқа мемлекеттер жетістігі;
  • саясат және заңдар;
  • дін;
  • ғылым және оның дамуы;
  • ішкі әсерлер.

 

Ұлтына жасаған ұлы істерінің игілігін өзі көре алмаған тарихи тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының қандай да бір еңбегін назардан тыс қалдыруға құқымыз жоқ екенін әр сөйлеушінің түйін сөзінен аңғарып отырдық.

Жерлес ақынымыз, университет профессоры Ақылбек Шаяхметтің ұлты үшін риясыз еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлына арналған өлеңі оқылды. Ақылбек Шаяхметтің Ахмет Байтұрсынұлы рухына бар жан жүрегімен жақын екені, қиялы ұшқыр ақын қаламында тағдыры тозаққа толы, ар ісіне бағынған аяулы арыс өмірі сайрап жатты.

 Қаншама уақыт өтсе де ескірмей жаңа қырынан көріне беретін, өшпейтін іс қалдырған Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері біздің де, келешек ұрпақтың да сарқылмас бұлағы. Гуманитарлық әлеуметтік факультеттің студенттері мен магистранттары бұл жиыннан үлкен әсер алды. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін жан-жақты қарастыру мұнымен шектелмесі анық. Университетіміздің ұлтымыздың жоғын жоқтаған ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы атында болуын біз мақтан етеміз!

 

Шынында да біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үнемі айтып жүрген міндеттер біздің алдымызда тұр.

 

Дөнгелек столға ҚМУ профессоры КГУ Ақылбек Шаяхмет, магистранттар Нәзира Жәрімбетова, Оралбай Кабыл, «Отан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Ақмарал Ералина, практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі Гүлжанат Жүрсіналина, Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана қызметкері  Әлия Болатова қатысты.

 


PDF