Баяндама «Қазақ ұлтының рухани көшбасшысы»
![]() |
Қазақ тіліндегі газет-журналдар туралы сөз қозғалғанда ең алдымен ауызға «Түркістан уәлаяты» (1870 – 1882) газеті, «Айқап» журналы (1911 – 1915), «Қазақстан» газеті (1911 – 1913) және «Дала уәлаяты» (1888 – 1902) газеті түседі. Бірақ, бұлардың біразы сол тұстағы «Туркестанские ведомости» және «Акмолинские областные ведомости» газеттерінің қосымшасы ретінде ғана басылған болса, Ахмет Байтұрсынов секілді ұлт зиялыларының алғашқы мақалалары прогрессивті бағытта шыға бастаған «Айқапта» жарық көру мүмкіндігіне ие болды. |
![]() Алайда, осы газеттер арасында ұлт ұйтқысы болуға талпыныс жасаған және діттеген мақсатына жеткен басылым «Қазақ» газеті болатын. Орынбордағы қазақ шәкірттері ынтасымен және қолдауымен жарык көрген газеттің ыстығына күйіп, суығына тонған Ақаң болған. «Қазақ» газеті жабылып қалар қысылтаяң сәт туғанда айыбын төлеп, Ақаңды абақтыдан құтқарып қалған қазақ оқығандарының іс-әрекеті олардың Ахмет Байтұрсыновтың жеке тұлғасына деген құрметін ғана емес, сонымен бірге газетке деген сүйіспеншілігін де көрсетсе керек.
Ахмет Байтұрсынов Жанша Сейдалинге жазған хатында өзінің қазақ халқын аздырмау жолындағы қарекетін жасырмайды: «Тілегіміз казақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін әркім білгенін, қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз сиез жасаймын деп жатырсыз. Біздер «Домострой»... кәкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан рисалалар (кітап дегені) жазып, газета-мазета шығарған болып тырбанып жатырмыз. Соның бәрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сәуле кіруіне себепкер бола ма деп істеп жатырмыз. Орыстың мақалы айткандай, «ұжмаққа барғым келсе де, күнәләрім жібермейді» деп қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді», – дейді.
Қазақ халқының басындағы ауыр жағдайы туралы «Қазақ» газеті ашына жазды. Сол тұста жайылымдар мен шабындықтар келімсектердің иелігіне өтіп, егін егілетін жер талауға түскені аян. Қазақ халқының басында жат жұрттықтар ықпалынан шығу, ел болу үшін бірігу секілді ұлы міндеттер тұрған кез еді. Осындай қиын-қыстау уақытта оқыған қазақтардың көпшілігі ана тілін менсіне қоймайтын күйге түскені де рас. Олар көбінесс орыс школдары мен татар медіреселерінде білім алғаннан кейін бір-біріне хат жазғанда да осы тілдерді көбірек қолданатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің ең ұлы мақсатының бірі ана тілін түрлендіру, қазақ тіліндегі басылым арқылы тіл мен дәстүрді дамыту, қалың қауымның көзін ашу болатын. |
|
- Содан да болар, «Қазақтың» жауы да аз болмады. Өз ішімізден шыққан шұбар жыландар кейбір үкіметке жаға қоймайтын материалдарды орыс тіліне аударып, газет үстінен арыз-шағымдарды қардай боратты.
Міржақып Дулатовтың жазуына қарағанда, 1914 жылы «Қазақ» газеті № 80 санында жарық көрген мақаласында Ресейдің Ішкі істер министрлігі жасап шығарған «Қырғыз өлкесін басқару туралы» ереженің жобасын өткір сынға алған. Орынбор губернаторы Сухомлинов редактордың үстінен іс қозғап, оған 1500 сом мөлшерінде айып салынған. Бұл ақша төленбеген жағдайда Ахмет Байтұрсыновты сегіз айға түрмеге отырғызу туралы шешім қабылданған.
Мұншама қаражатты төлеу газеттің жабылуымен тынатын болғандықтан Ақаң түрмеге отыруға келісім береді. Абақтыда төрт-бес күн отырып та шығады. Оның босап шығуына Міржақып бастаған зиялы қауымның қаражатты аз күннің ішінде жинап беруі себеп болады.
Бірақ, бұдан кейін де «Қазақ» газетінің басына төнген бұлт сейілген жок. Ол бірнеше мәрте айып тартты. Айып мөлшері үш мың сомға дейін жетті. Осы қиындықтың барлығына төтеп берген «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды.
Ақаңның көсемсөзші есебінде танылуына да осы газет іргетас қалады. Газеттің халық қолдауына ие болуы оның абыройын асырды, ел ішіндегі беделін нығайтты. Тіпті газет жабылар алдында материалдық хал-ахуалы жаман болған жоқ. Газеттің өз баспаханасы, едәуір қағазы, шағын кітапханасы болды. Ал таралымы сегіз мың данаға дейін жетті. Бүгінде кейбір қазақ газеттері таралу жағынан бұл саннан көп төмен екенін ескерсек, сол тұстағы Ақаң ұйымдастырған газет әрі насихатшы, әрі жаршы, әрі хабаршы болғанын аңғару қиын емсс.
«Қазақ» қараңғыда жол таба алмай, қарманып қалған қазақ халқына жол сілтеген құбыланама секілді болды. Шын мәнінде Ақаң айтқандай, халықтың тілі мен көзіне, құлағына айналды.
Белгілі ғалым Рымғали Нұрғали Ахмет Байтұрсыновтың «Жалын» баспасынан 1991 жылы жарық көрген «Ақ жол» кітабына жазған алғы сөзінде Ақаңның қазақша және орысша – екі тілде бірдей білім алу жүйесін қолдағанын айтып, «жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын», – деп дәл қазіргі күнде алға қойылып отырған жаппай білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасағанын атап көрсетеді.
Ақаң «Білім жарысы» деп аталған мақаласында осы ойды одан әрі дамытып, жұртқа ғылым мен өнер үйретумен, көрумен, білумен жайылатынын сөз қылады. Осы мақаласында ұлы ұстаз ысырапшылдықты мінеп: «Тойда көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, шай-қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мын жұмсалады. Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішінде ішіп-жеп кету үшін істеледі. Не жұртқа келер одан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да калады. Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. «Ат шаптырып, ас берді» деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы», – деп күйзеледі.
Шынында да қазақ үшін бәсекенің ең тиімді жолы, жарыстың ең қолайлы түрі білім жарысы болуы керек деген ой тастайды.
|
![]()
«Әр орында көзі жоқ соқыр, кұлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау болар да отырар» – деп ұлы ұстаздың қабырғасы қайысуы да орынды. Ұстаздың халыққа арнауы «Қазақ» газеті арқылы осылайша тарап, елдің санасын оятты, санасында сәулесі барларға нұрын төкті, оларды ойлануға, толғануға мәжбүр етті. Сондықтан да «Бастауыш мектептен» бастап, мектептің керектеріне дейін іздеген, барлық оқыту мәселелерін объективті талдаған, түрлі кәсіппен айналысу, оқу-ағарту ісін, емлені, жазу үлгісін жақсарту, әліппеден бастап түрлі оқулықтар қүрастыру секілді мәселелердің қай-қайсысы да оның назарынан тыс қалмаған. «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында пікірін одан әрі сабақтап: «бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек,» – деген түйін жасайды. Ахмет Байтұрсынов дәл осы мақаласында («Қазақ», 1913, №11) Қостанай уезіндегі сауат ашу мәселесін зерттеп, өзекті мәселені тілге тиек етеді. Осы мақалада уезде әрбір жүз адамнан алты ер адам қазақша, әрбір мың кісіден алты ер адам орысша, ал әрбір үш жүз кісіден бір әйел ғана қазақша, төрт мың әйелдің ішінен бір әйел ғана орысша хат таниды деген деректер келтіреді. ¥стаз бұл мақаласында қазақ тілін білумен ғана шектеліп қалмай, орыс тілінде хат тануға ерекше назар аударады. Яғни, оның бұл мақалада айтылған пікірлері осы күнгі білім алу принциптерімен үндесіп жатыр. Мұғалімдер санының аздығына, арнаулы бағдарламаның жоқтығына, оқудың белгілі бір жүйеге түсе қоймағанына қынжылады. |
Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі атанған Ақаң туралы Мұхтар Әуезов 1923 ж. жазған «Ақаңның елу жылдық тойы» дегеп мақаласында: «Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жок қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ міндет пен бейнетті мой-нына алған Ақаңның екпіні болатын...» – деп жазған еді.
Мұхтар Әуезов «Қазақ» газетінің 1916 жылы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі тарихта ешқашан ұмытылмайды деген кесімді пікірін білдіреді.
Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқу ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы, құралсыз іс істелмейді, һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы.
Үшінші мектепке керегі – белгіленген программа. (Мұны бағдарлама деп жүрміз ғой).
Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін оның үлгісі ия мерзімді өлшеуге боларға керек, үлгісіз ия мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, ия артық, ия кем шықпақшы, – деген аманат қалдырған. Бұл ұлағатты пікір қазіргі компьютер дәуірінде де маңызын жойған жоқ, жоймақ та емес.
Ақаң «Бастауыш мектеп» деген мақаласында осы күнгі орысша оқығандардың көбі мұсылманша хат білмейді, ал мұсылманша окығандардың көбі педагогика, методикадан хабардар емес деген болатын. Ал біздің мұғалімдер арасында ана тілінде сайрап тұрсам, менен артық ұстаз жоқ деп есептейтіндер де, керісінше, әдістемені білсем, тілді білу міндетті емес дейтіндер де бар екені өтірік емес. Біздіңше, бұл екеуі құстың кос қанатындай қатар жүруі керек. Өзі таза сөйлеп, өзі тамаша түсіндіріп тұрған ұстаз қай шәкіртке де ғибратымен, тәлімімен ұнайтыны акиқат.
«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп Ахмет Байтұрсыновтың тебіренуі, күрсініп, егілуі де осыдан. Алаш ардақтыларының арманы орындалар күн енді туып келе жатқандай. Ал олардын өмірі мен өнегесін үйрету де күн тәртібінен түспеуі керек.
Сыншы-ғалым Шерияздан Елеукенов «Жаңа жолдан» (Алматы, «Жазушы», 1989) кітабында жарық көрген «Халықтың қөңілін көгерткен» атты макаласында былай дейді:
«Қазақ жұртшылығын саясат айдынына шығаруда, елдің қоғамдық саяси ой-пікірін толғауда Ахмет Байтұрсынов ұйымдастырып, жолға қойған «Қазақ» газетінің рөлі ерекше болды. Бірінші саны 1913 жылғы 2 ақпан күні жарық көрген бұл газет алдына төмендегідей мақсат қойылады:
«... Жұрт пайдасына көз болу, қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылык ету, басқа жұрттардың халінен хабар беріп таныстыру. Сол мақсаттарды орнына келтіру үшін, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру. Государственная дума мен Государственный совет турасында жете хабар беру, ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін, мал шаруасы жайынан кеңесу, оқу, оқыту, мектеп, медіресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету, адам һәм мал дәрігері жайынан жазу».
Ахмет Байтұрсынов еңбегін оқып жатқан бүгінгі ұрпақ, сөз жоқ, бақыт-ты. Мен Ахметтің есімін ең алғаш бұдан қырық жыл бұрын әкемнің аузынан естіген едім. Сол кезде мұғалім болып қызмет атқарған әкеміз: «Біз балаларға бас қатыратын шана, щаңғы деген сөздерін жаттатып, үйретіп жүрсек, Ахмет мектепте сабақ бергенде тақтаға «ш» әрпінің араб таңбасын салып, оның жанына шал мен шабақтың жөне қасқырдың суретін бейнелеп:
«Балалар, қараңдар!
Бұл – аш шал!
Бойына назар сал!
Сақал-шашы ақ,
Қайраты қайтқан шақ.
Ауқаты – шабақ,
Сусыны – шалап,
Қатқан аш, арық,
Бұл сондай шатақ шал!» – дейтін. Содан кейін бұл әріпті ешбір шәкірт өмірі ұмытпайтын», – дейтін. Бұл шумақта ұстаз ақынның тапқырлығымен бірге ұрпаққа айтқан тағылымы да жатыр. «Шал неге шабақ жейді? Неге аш? Қазақтың төрт түлік малы тұрғанда, шабақты қайтеді?» – деген сауал туады. Сол тұстағы аштықты, қазаққа деген қастықты Ахмет Байтұрсынов емеурінмен білдіріп тұр ғой» - деуші еді.
«Ауыз біреу, қол екеу,
Ол неліктен бұлай?!
Көп істеуші, аз жеуші,
Жаратқаны ол солай» – деген жолдар да балалар әдебиетінің озық үлгісі емес пе?!
Қостанай елін ақындар елі, батырлар елі деп атайды. Қазыналы Қостанай сонымен бірге ұстаздар елі. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен басталған, ұлт ұстазы, ұлт ұйтқысы атанған Ахмет Байтұрсынов жалғаған ұстаздық дәстүр ұлттық идеологияның өзегіне айналып, ХХІ-ші ғасырға да жетті. Жай жеткен жоқ, талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өтті.
Ақаң қиналған сәтінде:
«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болдық,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған», – деген болса, сол өртті өшіретін де, ұлт мерейін өсіретін де Ыбырай мен Ахмет үміт артқан кейінгі буын, жастар болатын. Ақаңды қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы деп танитын болсақ, «Қазақ» газеті де ұлттың ұйтқысы болғаны тайға таңба басқандай анық. Ендеше оның ұлттық баспасөз тарихындағы атқарған рөлі де, алатын орны да ерекше.
"Халық үшін ең басты байлық денсаулық болса,жан үшін басты байлық білім және өнер".Басты міндет - жастарға білім беру, кәсіпке үйрету, оларға мамандық беру. Тек солардың көмегі арқасында халықтар өркениетттен өзінің орнын алады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қазақ даласында барлық ауылдарда қазақ мектептерін ашу керек, қазақ тілінде сабақ беру керек" деді Ахмет Байтұрсынов. Қуаныштысы сол, оның Отанында Қостанай мемлекеттік университеті оның есімімен аталады және жастардың лайықты білім алуына барлық жағдай жасалған.